Отырар жалпы білім беретін мектебінде «Даналық» клубының «Жеңгелер мектебі» жобасы аясында 5-сынып жетекшілері Ж.Сатыбалды мен Э.Айтжанның ұйымдастыруымен «Өнегелі жеңге, өнерлі қыз» атты жеңгелер сайысы өтті.
Сайыстың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақы салт-дәстүрді насихаттау, жеңгелер мен қайынсіңлі арасындағы сыйластық пен тәлім-тәрбиенің маңызын ұғындыру, қыз баланың инабаттылығы мен өнерін дамыту.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды: сәлемдесу, өз өнерін көрсету, салт-дәстүр мен қыз тәрбиесіне байланысты ситуациялық сұрақтарға жауап беру кезеңдері. Қатысушы жеңгелер мен қайынсіңлілер әр кезеңде өздерінің тапқырлығы мен өнерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында әсем әндер шырқалып, қазақы салт-дәстүрлер көрсетіліп, ұлттық тәрбие кеңінен насихатталды.
Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды. Жазира жеңге мен қайынсіңілісі Кәусар – «Өнегелі жеңге, өнерлі қыз», Айнұр жеңге мен қайынсіңілісі Жұлдызай – «Үлгілі жеңге мен білімді қыз», Бағила жеңге мен қайынсіңілісі Назым – «Шебер жеңге, ісмер қыз», Рена жеңге мен қайынсіңілісі Аймерей – «Тәрбиелі жеңге мен көрікті қыз» номинацияларымен марапатталды.
Жеңгелер мен қыздардың өнері мен өнегесі үйлескен бұл сайыс көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, тағылымы мол, әсерлі кеш ретінде өтті.





