Отырар жалпы білім беретін мектебінде 4 «А» сыныбының жетекшісі А.Аманқұлованың ұйымдастыруымен «Бастауышым – балбұлағым» атты бастауышпен қоштасу кеші әсерлі түрде өтті.
Бастауышпен қоштасу – әр оқушының өміріндегі ең қимас әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Кеше ғана мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндер бүгінде білім мен тәрбиені бойына сіңіріп, орта буынға қадам басқалы тұр.
Мерекелік кеш барысында оқушылар әуелете ән айтып, көркем би билеп, мәнерлеп тақпақ оқып, хор орындады. Әрбір өнер нөмірінен шәкірттердің шығармашылығы мен ұстаз еңбегінің жемісі анық көрінді.
Кеш барысында оқушылар алғашқы ұстаздарына алғыс айтып, ата-аналарға ыстық лебіздерін жеткізді. Әсем безендірілген кеш көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, жүректерге жылы әсер қалдырды.
Осындай мағыналы әрі тәрбиелік мәні зор кешті ұйымдастырған сынып жетекшісі А.Аманқұловаға алғыс білдіреміз.
4 «А» сыныбының оқушыларына сәттілік, мол білім, жарқын болашақ тілейміз!





