"Оқитын сынып" жобасы бойынша 5-сынып оқушыларымен қазақ халқының даңқты перзенті, Халық қаһарманы, батыр, қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай тағылымы мол тәрбие сағаты өткізілді. Іс-шара мектеп кітапханасында ұйымдастырылып, кітапханашы Момбекова Фариза мен сынып жетекші Элмира Айтжанқызының жетекшілігімен жоғары деңгейде өтті.
Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – оқушыларды батырдың ерлікке толы өмір жолымен таныстыру, оның отансүйгіштік рухын жас ұрпақтың бойына сіңіру, елін, жерін қорғаған қаһарман тұлғаны құрметтеуге тәрбиелеу болды. Кездесу барысында Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері, қолбасшылық шеберлігі, батыл шешімдері туралы кеңінен айтылды. Оқушылар батырдың тек майдангер ғана емес, терең ойлы жазушы, ұлт жанашыры болғанын білді.
Шара барысында батырдың қанатты сөздері мен нақыл ойлары оқылып, олардың тәрбиелік мәні талқыланды. Әсіресе, оның тәртіп, адалдық, намыс, жауапкершілік туралы айтқан өсиеттері балаларға ерекше әсер қалдырды. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, батыр тұлғасына деген құрметтерін білдірді, сұрақтарға белсенді жауап берді. Кітап көрмесі ұйымдастырылып, Бауыржан Момышұлының шығармалары мен ол туралы жазылған кітаптар таныстырылды.
Осындай рухани-танымдық шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, патриоттық сезімін арттырады. Батырдың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа ұран. Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі – мәңгілік тағылым көзі.
Батыр рухы ұрпақ жадында мәңгі сақталады!





