"Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында "Отырар" жалпы білім беретін мектебі тәлімгері Ф.Төлегеннің ұйымдастыруымен қыз балалардың ішкі жан дүниесін түсіну, өз ойын ашық жеткізу, бойындағы сенімділікті арттыру мақсатын көздеген «Қыз бала психологиясы» атты кең көлемді тренинг өткізілді. Шара барысында оқушылар түрлі бағыттағы тиімді жаттығуларға қатысып, өзара еркін пікір алмасып, маңызды ақпараттармен толықты.
Тренингтің алғашқы бөлімі «Ой толғау» бөлімінен басталды. Бұл кезеңде қатысушылар қыз бала болмысы, өзін-өзі бағалау, эмоционалды тұрақтылық, мінез ерекшелігі және қазіргі замандағы қыз тәрбиесі туралы ой бөлісті. Әрбір қыз өз жүрегіндегі толғанысын, арманы мен көзқарасын ашық айтуға мүмкіндік алды. Бұл олардың ішкі жан дүниесін тереңірек тануға, өзін-өзі түсінуге ықпал етті.
Келесі бөлім – Wordwall платформасындағы интерактивті тапсырмалар болды. Оқушылар қызықты сұрақтарға жауап беріп, психологиялық тесттер мен ойын элементтері арқылы өз мінез ерекшелігін, қарым-қатынас стилін, эмоцияны басқару қабілетін анықтады. Бұл бөлім тренингке ерекше серпін беріп, қыздардың белсенділігін арттырды.
Тренингтің маңызды кезеңдерінің бірі – жағдаяттық сұрақтар. Қыз балаларға шынайы өмірден алынған түрлі жағдайлар ұсынылып, олар өз шешімдерін айтып, ойларын дәлелдеуге тырысты. Бұл тәсіл олардың логикалық ойлауын, өмірлік дағдыларын, қиындықтарды шешу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Әр жағдаят қыздар арасында пікір талас тудырып, өзара құрмет пен түсіністікке бағытталған пайдалы диалог қалыптастырды.
Шара соңында ерекше көңіл күй сыйлаған «Тілек алаңы» ұйымдастырылды. Бұл бөлімде қатысушылар бір-біріне жүректен шыққан жылы сөздер, шабыт беретін тілектер мен қолдау сөздерін жазып қалдырды. Мұндай позитивті атмосфера қыздар арасындағы достықты нығайтып, олардың бойында бір-біріне деген сенім мен қолдау сезімін арттырды.
Жалпы, тренинг қыз балалардың жан дүниесін байытып, өз-өзіне деген сенімін қалыптастыруға, бойындағы нәзіктік пен парасатты қасиеттерді дамыта түсуге бағытталды.





