Қазіргі заманның оқушыларымен ата-ананың рөлі — ортақ жауапкершілік
"Отырар" жалпы білім беретін мектебінде 8 «Ә» сыныбында ата-аналар жиналысы өткізіліп, қазіргі қоғамдағы оқушы тәрбиесі мен ата-ананың алатын орны туралы маңызды әңгіме өрбіді. Жиналысты сынып жетекшісі Н. Нажмаддинова жүргізіп, ата-аналармен ашық пікір алмасып, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде бала тәрбиесі тек мектептің емес, ең бірінші — отбасының міндеті екені баршаға аян. Сабақ үлгерімі, тәртіп, баланың рухани-адамгершілік дамуы, уақытты тиімді ұйымдастыруы, цифрлық ортадағы қауіпсіздігі — бәрі де ата-ана мен мұғалімнің бірлескен еңбегіне тікелей байланысты.
Жиналыс барысында оқушылардың оқу деңгейі, мінез-құлық мәдениеті, ұялы телефонды пайдалану әдебі, әлеуметтік желідегі белсенділігі, бос уақытын ұйымдастыру сияқты мәселелер қозғалды. Әр ата-ана өз ойын білдіріп, ұсыныстарын айтып, бала тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Сынып жетекшісі ата-аналарға баланың сабаққа ықыласын арттыру жолдары, үйде бақылау жүргізу тәсілдері, ынтымақтастық қарым-қатынас орнатудың маңыздылығы жөнінде кеңес берді. Сонымен қатар, мектеп пен ата-ананың тұрақты байланыста болуы, бала бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, қолдау көрсету қажеттілігі де айтылды.
Жиналыс жылы атмосферада өтіп, ортақ мақсат — «Білімді, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары, мәдениетті оқушы тәрбиелеу» екені тағы бір мәрте атап өтілді.
8 «Ә» сыныбының ата-аналарына белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіреміз!
Бала — біздің болашағымыз. Болашақты бірге тәрбиелейік!





