Отырар жалпы білім беретін мектепте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының іс-шара жоспарына сәйкес мектеп психологы Б. Абдрахимов, кәсіби бағдар беруші педагог Ж. Абуова және 9-сынып жетекшілері А. Отарбай мен Н. Әйменнің ұйымдастыруымен «Баланы жақсы оқу үшін қалай тәрбиелеу керек?» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.
Жиналыстың мақсаты: ата-аналарға баланың оқу жетістігін арттыру жолдарын түсіндіру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін күшейту, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайту және үй жағдайында баламен тиімді жұмыс жасауға бағыт-бағдар беру.
Іс-шара барысында баланың жақсы оқуына әсер ететін негізгі факторлар, ата-ананың бала өміріндегі орны мен жауапкершілігі, сондай-ақ үйде оқу үдерісін дұрыс ұйымдастырудың тиімді тәсілдері кеңінен талқыланды. Ата-аналарға арнайы жадынама таратылып, пайдалы кеңестер ұсынылды.
Жиналыс барысында «Күн сәулесі» әдісі қолданылып, ата-аналар өз балаларына арнап жүрекжарды жылы тілектерін жазып, өзара әсерлі ойларымен бөлісті. Бұл сәт қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, ата-ана мен бала арасындағы мейірім мен қолдаудың маңыздылығын айқындай түсті.
Сонымен қатар тақырып аясында бейнебаян көрсетіліп, ата-аналарға ойландыратын маңызды мәселелер көтерілді. Сынып жетекшілері ата-аналармен әрдайым тығыз байланыста болып, оқушылардың білім алуы мен тәрбиесіне бірлесе ықпал ететіндерін жеткізді.
Жиналыс өз мақсатына жетіп, ата-аналарға үлкен ой салып, бала тәрбиесінде жауапкершілікті арттыруға бағытталған мазмұнды әрі әсерлі кездесу болды.





