Баланың интернеттегі қауіпсіздігі – басты назарда!
Қазіргі таңда интернет – білім мен ақпараттың, қарым-қатынас пен шығармашылықтың кең алаңы. Алайда оның пайдалы тұстарымен қатар қауіп-қатері де бар екені белгілі. Осыған орай мектеп кітапханасында «Баланың интернеттегі қауіпсіздігі» тақырыбында оқушыларға арналған арнайы буклет-жаднама таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында оқушыларға интернетті дұрыс әрі қауіпсіз қолданудың негізгі ережелері кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда:
Жеке мәліметтерді (аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, құпиясөздер) бөтен адамдарға жарияламау;
Күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамдармен байланысқа сақ болу;
Әлеуметтік желілерде мәдениеттілік пен жауапкершілікті сақтау;
Кибербуллингтің алдын алу, жағымсыз жағдай туындаса үлкендерге хабарлау;
Уақытты тиімді пайдалану және интернетке тәуелділіктің алдын алу жолдары.
Оқушылар өз ойларын ортаға салып, түрлі жағдаяттарды талқылап, қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде қолданудың маңыздылығын түсінді. Интернетті саналы пайдалану – әр баланың қауіпсіз болашағының кепілі екені ерекше атап өтілді.
Іс-шараны мектеп кітапханашысы Ф. Момбекова мен 6 «А» сынып жетекшісі З. Сағындықова ұйымдастырып, оқушыларға пайдалы ақпараттар ұсынып, белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді.
Бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан балалардың цифрлық ортада қауіпсіз әрі жауапкершілікпен әрекет етуі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Балалардың қауіпсіз әрі саналы түрде интернетті қолдануына бірге үлес қосайық!





