«Ашық есік күні – болашаққа бастар қадам»
Оқушылар арасында мемлекеттік қызмет құндылықтарын дәріптеу және ерте кәсіби бағдар беру мақсатында Отырар мектебінің 11-сынып оқушылары кәсіби бағдар беруші педагогы Ж. Абуованың жетекшілігімен ауыл әкімшілігіне барып, «Ашық есік күні» форматында кездесу өткізді. Іс-шара барысында оқушылар ауыл әкімі Е. Жұмабек және бас маман, ӘЕС бастығы, салық агенті М. Мүсілімовпен жүздесіп, мемлекеттік қызмет саласы туралы жан-жақты мағлұмат алды.
Кездесу барысында ауыл әкімі Е. Жұмабек ауыл әкімдігінің атқаратын негізгі қызметтері, құрылымы және онда жұмыс істейтін қызметкерлердің міндеттері туралы кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар, әкімдік жұмысының халықпен тығыз байланыста жүзеге асатынын ерекше атап өтті.
Ал бас маман, ӘЕС бастығы, салық агенті М. Мүсілімов оқушыларға ауыл әкімшілігінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде нақты мысалдар келтіріп, күнделікті қызмет барысымен таныстырды. Өз тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның мақсаты – оқушыларға мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын түсіндіру, олардың бойында адалдық, ашықтық, жауапкершілік, әділдік сияқты құндылықтарды қалыптастыру және болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт беру болды. Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды.
Кездесу соңында қонақтар бітіруші түлектерге алдағы ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, болашақта елге қызмет ететін білікті маман болуларына тілектестік білдірді.





