«Мамандық таңдау – жарқын болашаққа қадам»
Отырар жалпы білім беретін мектебінде болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру мақсатында «Мамандық таңдау – жарқын болашаққа қадам» атты тағылымды мамандық таңдау кеші өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа түрлі мамандықтардың қоғамдағы маңызын түсіндіру, өз қабілеті мен қызығушылығына сай кәсіп таңдауға ықпал ету, болашаққа сеніммен қадам басуына жол көрсету.
Кешке арнайы қонақ ретінде Халық банкінің қызметкері Сайфуллин Нүркен, ауыл медбикесі Сердалиева Жазира, Отырар аудандық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдрахимов Ұлан, полиция инспекторы Ниязбекұлы Рақымжан шақырылды. Қонақтар өз өмір жолдары мен мамандық таңдаудағы тәжірибелерімен бөлісіп, таңдаған кәсіптерінің қыр-сыры, жауапкершілігі мен қоғамдағы орны туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Оқушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды.
Сонымен қатар кешке жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттер арнайы келіп, өз тілектерін білдірді. Олар студенттік өмірдің қызығы мен қиындығы, мамандық таңдауда жібермеу керек қателіктер, үздіксіз білім алудың маңызы туралы ойларымен бөлісіп, мектеп оқушыларына алдағы үлкен өмір жолында сенімді қадам жасауға шақырды. Студенттердің шынайы ақыл-кеңестері мен жүрекжарды тілектері оқушыларға ерекше мотивация берді.
Әсіресе полиция инспекторы Ниязбекұлы Рақымжанның ел тыныштығын сақтау жолындағы қызметі, полиция мамандығын таңдаудағы басты себептері мен бұл мамандықтың абыройы жайлы айтқан шынайы ойлары оқушыларға үлкен әсер қалдырып, олардың бойында патриоттық сезім мен жауапкершілік ұғымын қалыптастырды.
Кеш барысында оқушылардың орындауындағы ән мен жыр шашулары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, іс-шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті. Сонымен қатар мектептің пән мұғалімдері, психолог және логопед мамандары да сөз сөйлеп, өз мамандықтарының ерекшелігі, бала дамуындағы рөлі мен қоғам үшін маңызы туралы құнды ақпараттармен бөлісті.
Іс-шара соңында мектеп директоры К. Асылбеков сөз сөйлеп, кешке арнайы уақыт бөліп келген қонақтарға алғысын білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің оқушылардың болашаққа деген сенімін арттыратынын атап өтті. Ал сынып жетекшісі Г. Момбекова өз шәкірттеріне ақ жол тілеп, алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектестігін білдірді.
Осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор кеш оқушылардың кәсіби бағдарын айқындап, саналы таңдау жасауына үлкен серпін берді.
Ұйымдастырушылар:
Кәсіби бағдар беруші педагог – Ж. Абуова
Ұйымдастырушы педагог – Н. Нажмаддинова
Тәлімгер – Ф. Төлеген





