Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Наурызнама» онкүндігі аясында Отырар жалпы білім беретін мектебінде 15 наурыз – Қайырымдылық күніне байланысты «Қамқор» жобасы негізінде «Жақсылық жасап жарысайық» атты қайырымдылық акциясы өткізілді.
Акцияға мектеп ұжымы, барша ұстаздар белсене қатысып, қолдан келгенше қолдау білдіріп, азық-түлік түрінде көмек көрсетті. Жиналған азық - түлік мектепте көпбалалы отбасынан білім алып жүрген оқушылардың отбасыларына табысталды.
Бұл акция – ұстаздар қауымының тек білім беріп қана қоймай, қоғамға мейірім мен жанашырлықтың үлгісін көрсетіп келе жатқандығының айқын дәлелі. Осындай ізгі істер арқылы адамдар арасындағы бауырмалдық, қамқорлық пен бірлік нығая түседі. Жақсылық жасау – жүректің кеңдігін, адамдықтың биіктігін білдіретін қасиет.
Қайырымдылық шарасы барысында ұстаздар бір-бірімен ақжарма тілектерін айтып, Наурыз мерекесінің мәні мен маңызын айқындай түсті. Өйткені Наурыз – тек жаңару мен жаңғырудың ғана емес, адамдарды жақсылыққа, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін ерекше мереке.
Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Себебі біреуге жасалған кішкентай жақсылықтың өзі үлкен үміт пен қуаныш сыйлайды.
«Қайырымдылық – жүректен шыққан жылу.
Жақсылық жасаған жанның жолы әрдайым жарық болады.»
Қайырымдылық жасаудан жарысқан ұстаздарымызға алғыс білдіреміз. Жақсылық жасаған әрбір жанның жүрегі нұрға толып, еңбегі еселене берсін!
Ұйымдастырушылар:Әлеуметтік педагогы К. Одаман мен тәлімгер Ф. Төлеген





